ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ: ЖАЗБАША МӘЛІМЕТТЕР МЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ

Authors

  • Жуматаев Ринат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «History and culture» ЖШС

Abstract

Жылқы малының қолға үйретілуі адамзат тарихында айтарлықтай төңкеріс жасады. Кез-келген халықтың тарихына көз жүгірсек, олардың тіршілігінде жылқы малы белгілі бір мөлшерде өзгеріс енгізген. Әсіресе барлық болмысы мен тұрмыс-тіршілігі осы жануармен қабаттасып жатқан көшпелі халықтарда жылқы жай ғана көлік құралы емес, одан да жоғары құндылықтарды иеленді. Өйткені ұлан-ғайыр атырапқа құлаш жайып, төлтума өркениет қалыптастыруда жылқының маңызы алабөтен болды. Ал көшпелі халықтар өз кезегінде жылқыға қарыздар болмай, оны барынша дәріптеуге тырысты. Алғаш қолға үйретіліп, өндірісте негізгі күшке айналған жылқы түркі кезеңінде өзінің шаруашылық пен дүниетанымдағы маңыздылығын одан ары жоғарлатпаса төмендете қойған жоқ.

Ежелгі түркілердегі жылқының алатын орнын жазбаша және археологиялық деректер нақты сипаттайды.

Деректердің бірінші тобын жылқының қатысуымен орындалатын түрлі ғұрыптық шаралар жөнінде мәлімет беретін жазбалар құрайды. Мәселен, қытай жылнамаларының бірінде түріктердің жерлеу ғұрпына байланысты мынадай жолдар кезігеді: «өлген адам денесін киізден жасалған үйдің ішіне жатқызады. Ұлдары, туыстары үйдің есігінің алдында құрбандық малын сойып, жайып қояды. Атқа мініп үйді жеті рет айналады, содан кейін үйге кірерде пышақпен беттерін тіледі, жас пен қан бірге төгіледі. Осылайша жеті рет жасайды, содан кейін ғана тоқтайды. Арнайы бір күн белгіленіп өлген адам тірі күнінде мініп жүрген жылқысымен бірге өртеледі және жылдың бір нақтыланған күні күлдері көміледі. Жазда және көктемде қайтыс болған адамды талдағы және өсімдіктегі жапырақтар сарғайғанда немесе түсе бастағанда жерлейді; күзде немесе қыста өлгенді гүлдер бүршік жара бастағанда жерлейді. Жерлеу күні, қайтыс болған күні тәрізді туыстары құрбандық шалып, атқа мініп шабады және беттерін тіледі...Қойды және жылқыны құрбан шалғаннан кейін олардың бастарын қадаға іліп қояды» [1, 275 б.]. Дәл осыған ұқсас мағлұматтар «Вей шу» жазбаларында кездеседі: «бірнеше малдың түрінен құрбандық шалып, олардың сүйектерін өртейді және адам жерленген жерді атпен сан рет айналады, кейде атпен шауып жүздеген айналымдар жасайды» [2, с. 55].

Published

2023-10-29

How to Cite

Жуматаев Ринат. (2023). ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ЖЕРЛЕУ ҒҰРПЫНДАҒЫ ЖЫЛҚЫНЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ: ЖАЗБАША МӘЛІМЕТТЕР МЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ДЕРЕКТЕР НЕГІЗІНДЕ. Foundations and Trends in Research, (4). Retrieved from https://ojs.publisher.agency/index.php/FTR/article/view/2345

Issue

Section

Historical Sciences