Қазақтың маңдайына біткен асыл жұлдызы – Сұлтанбек Қожанұлы

Authors

  • Бисембайұлы Мирас Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD-докторанты, Алматы, Қазақстан

Abstract

Сұлтанбек Қожанұлы қазақ тарихында 1925 жылы «Қазақ» атауын қалпына келтіруші, Түркістанға қосылған Қазақстанның оңтүстік өңірлерін қайтарған қоғам қайраткері, Түркістан Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасының дамуына зор үлес қосқан саясаткер ретінде тарихта қалған. Білім жолын Ақсүмбеден бастап, кейін Түркістан мен Ташкентте оқуын жалғастырған еді. 1906-1908 жылдар аралығында Түркістандағы 4 жылдық орыс-түзем мектебінде, 1908-1913 жылдары 3 жылдық сыныптық қалалық училищеде оқиды. 1913-1917 жылдары Ташкенттегі мұғалімдер даярлайтын семинарияда жалғастырады. Кеңес үкіметі билікке жеткен уақытта ол «Бірлік туы» газетінің редакторы болады. Мұстафа Шоқай, Хайретдин Болғанбайұлы және тағы да басқа алаш зиялылары сияқты Түркістан өңірін Алашордаға қаратуға тырысқан еді. Түркістан немесе Қоқан автономиясы құрылған кезде саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді. 1918-1924 жылдары өмір сүрген Түркістан Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасының негізгі билеушілерінің бірі болды. Бұл Республика жайында сөз қозғағанда Тұрар Рысқұлұлы мен Сұлтанбек Қожанұлының атын атамауға болмас. Барлық түрік халықтарды бір шаңырақ астына жинап, ынтымағы жарасқан, қауқарлы мемлекет құруға тырысқан. 1921-1922 жылдары ашаршылық болған кезде, халыққа астық таратып, өлімнен арашалап алған. 1920-1924 жылдары Түркістан компартиясы ОК мүшесі, ТүрОАК төрағасының орынбасары, 1920-1921 жылдары Түркістан АССР Ішкі істер халық комиссары, 1921-1922 жылдары Халық ағарту комиссары қызметін атқарған. Осы жылдары ол 1924-1925 жылдары Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы қызметін атқарып, көп іс тындырды. Түркістанда жұмыс істеген кезде Халел Досмұхамедұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабай, Міржақып Дулатұлы және тағы да басқа алаш зиялыларын Түркістанға шақырып, оларды жұмыспен қамтамасыз еткен кісі еді. «Ақ жол» газетінің редакторы болып, Міржақып Дулатұлымен бірге біршама мақалаларды жариялайды. Осы кезде Ақ жол» газеті, шын мәнінде, 1913-1918 жылдары жарияланған «Қазақ» газетінің ізбасары, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай «халықтың көзі, құлағы мен тіліне» айнала алған еді. Кеңестік Қазақстанға билікке 1925 жылы Ф.И. Голощекин келген соң, индустрияландыру, байларды тәркілеу, отырықшыландыру және ұжымдастыру сынды кеңес үкіметінің саясатына қарсылық танытқандықтан, биліктің тырнағына ілініп, қуғын-сүргін көреді. Осы жылдардан кейін оның саясатқа араласу деңгейі күрт төмендейді. 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтының алғашқы директоры, 1931-1932 жылдары Орта Азия мақта орталығы басқармасының төрағасы, 1932-1933 жылдары Мәскеуде Одақтық мақта өнімдері басқармасының орынбасары, 1933-1934 жылдары КСРО ХКС мақта тобы басшысының орынбасары, 1934 жылдан кеңестік бақылау комиссиясының Өзбекстан бойынша өкілі болады [1].

Published

2025-12-29

How to Cite

Бисембайұлы Мирас. (2025). Қазақтың маңдайына біткен асыл жұлдызы – Сұлтанбек Қожанұлы . Modern Scientific Technology, (12). Retrieved from https://ojs.publisher.agency/index.php/MSC/article/view/7543

Issue

Section

Historical sciences