А. Пушкин мен М. Әуезов шығармашылығындағы халық концепциясын оқыту арқылы ұлттық идеяны ашудың кейбір қырлары
Abstract
Поэтикалық ойдың қас шеберлері Пушкин мен Әуезовтің көркемдік жаңашылдығы жан-жақты танылғандығы белгілі. Ең алдымен, ол жаңашылдық сөз өнерінің қоғамның рухани жүйесінде алатын орны мен қызметі, ақындық өнердің тереңдігі және қуатты күшімен ерекшеленеді.
Біздің ойымызша, екі ұлы суреткердің шығармашылығындағы басты критерий – кейіпкерлер мен оқиғаларды идеологияның жетегінде кетпей, халықтық тұрғыдан бағалауы болып табылады. Тарихи тұлға мінезінің тарихи алғышарттары мен себептерін жете түсініп, заман шындығы мен тарихи тұлға ара қатынасын шынайы әрі тартымды суреттей білді [1].
«Орыс поэзиясының күні» саналатын А.С.Пушкин алдыңғы қоғам идеологиясынан өзгешеленетін айрықша тарихи кезеңде қалыптасты. Алдыңғы қоғам идеологиясын дәріптегендер қатарында Ломоносов, Карамзин, Сумароков, Державин, Тредиаковскийлер болды. Ақындардың бұл шоғыры Ресейдегі мемлекет пен императорға қызмет ету идеологиясын ұстанды. Соған сәйкес, Петрдан кейінгі кезеңде самодержавиені дәріптейтін ода басты жанрға айналды. Пушкин қоғамдық сананың түкпірінде қалыптаса бастаған жаңа тенденцияларды танытты. Ол қоғамдық шындықпен келісе алмай, қарапайым адамның қайғысы мен қуанышына, қызығушылығы мен күнделікті күйбең тіршілігіне бет бұрды.