ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫНЫҢ ШЕТЕЛДІК КАПИТАЛДЫ ТАРТУ САЯСАТЫНЫҢ ТЕНДЕНЦИЯЛАРЫ (ИСЛАМ ИНВЕСТИЦИЯСЫ МЫСАЛЫНДА)
Abstract
Инвестициялау Қазақстан Республикасы экономикасының нарыққа өтудегі ең басты тетігі және ақша, қаржы, пайда секілді басқа да тетіктер мен формаларды пайдаланудың базасы болып табылады. Әлемдік экономикалық жүйені жаһандандыру жағдайында, сондай-ақ, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік алуына және ашық нарықтық экономиканың қалыптасуына байланысты шетелдік инвестиция объективті қажеттілікке айналып отыр.
Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы атқарып жатқан іргелі істері елімізге шетелдік инвестицияның көптеп келуіне жол ашып отыр. Қазақстанда нарықтық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Азия даму банкі секілді беделді халықаралық қаржы институттарымен, басқа да халықаралық қаржы мекемелерімен іс-әрекетті үйлестірудің үлкен мәні бар.
Соңғы жылдары әлемде исламдық қаржы саласының рөлі өсіп келеді. Өйткені бұл жүйе дүние жүзінде жаңаша қаржы қызметі мүмкіндігінің кеңдігімен ерекшеленіп отыр. Сондай-ақ, қаржылық қызметтің ұзақ мерзімді әрі баламалы оңтайлы түрі ретінде мойындалғанымен де жоғары бағалануда. Біріншіден, депозиттерден түскен пайдаға қатысу қаржы жүйесіндегі тәртіптің күшеюіне ықпал етеді, сол арқылы тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Ислам қаржы институттары өздері қаржыландырып отырған жобаларға үлкен маңыз береді, құрылымдар мен нарықтық тәртіптің жауапкершілігін күшейтеді. Екіншіден, исламдық қаржыландырудың негізгі ұстанымы – «өзіңде жоқты сатпа» ұстанымы болып табылады және қарыздарды сатудың шектелуі нарықтағы алыпсатарлықтың пайда болуын азайтады. Осылайша, несиелеу нақты экономиканың әлеуетті пара-пар өсуімен сәйкестенеді, демек, тұрақсыз тетік пен қарыз пирамидаларының пайда болуына жол жоқ.
Үшіншіден, шариғат ауқымында ішкі реттеуге үлкен мән беріледі: құжаттар қарау, келісім-шарттарды, ережелерін түсіндіру және әлеуметтік жауапкершілік – исламдық қаржыландыру жүйесінің ажырамас бір бөлігі.