АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫ - ОТБАСЫНДАҒЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ
Abstract
Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының негізгі, басты міндеттерінің бірі. Ұлы данышпан Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, қазіргі заманда бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсті. Бұған жастарға, жеткіншектерге берілетін әрбір сабақтың Абаймен бірге өрілетінінің куәсі болып отырмыз. Абайдың дүниеге келгеніне бір жарым ғасыр, ал өзінің мәңгі өлмес шығармаларының халқына ұстаздық ете бастағанына бірталай уақыт өтсе де, өз мәнін, мағынасын жаңа қырынан танытып келеді. Сондықтан да Абайды – классик ақын дейміз. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың бойына мектеп қабырғасында ғана емес, әрбір отбасында ана сүтімен бірге дарыса құба-құп болар еді. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді. Абай бала кезінде ширақ, пысық болмағанымен, елдегі шешен, ақын, ертегішілер әңгімесін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Анасы Ұлжан да, әжесі Зере де, әкесі Құнанбай да сөз қадірін білетін, өзіндік пайымдау дәрежелері жоғары, өмірдің мән-мағынасын түсінетін, ұрпағына саналы тәрбие беру жолында қызмет еткен адамдар. Ел аузында жүрген Шортанбай, Дулат, Бұхар жырау, Марабай, Шөже ақындардың сөздерін, мағыналық татымын ұрпағы танып, ұғып өсуіне жағдай жасаған. Әкесі Құнанбай қажының кеңінен толғап сөйлер тереңдігі, өз тұстарының ғана емес, шетелдік ғалымдардың назарына іліккен. Құнанбай қажы «Ескітам» деген қоныстан медресе салдырып, өзінің және туыстарының балаларын оқытқан. Абайдың данышпан, ойшыл болып өсуіне туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесі, тілі болды. Қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» – дегеніндей, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған [1].
Published
How to Cite
Issue
Section
License

This work is licensed under a Creative Commons Attribution-ShareAlike 4.0 International License.