АКТЕР МАМАНДАРЫН ДАЯРЛАУДАҒЫ АКТЕР ШЕБЕРЛІГІ МЕН САХНА ТІЛІНІҢ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ
Abstract
Актер өнерінсіз сахналық тіршілік тоқтары кәдік. Актер – әрекет әлемінің алтын қазығы. Ол – театр өндірісінің тынымсыз қозғаушы күші. Сондықтан да, соңғы кездері қорғалған ғылыми жұмыстарда актерлік өнердің жиірек теориялық тұжырымдарға негізделіп жатуы – уақыт талабынан туындап отыр. Актерлік өнердің жетістіктерімен бірге оның зәру мәселелері де жоқ емес. Сол бағытта айтылар сыни көзқарас бәсеңдеу. Актерлік өнер мен оның мың сан мәселелерінің қазақ театр тарихында алатын үлкен орны бар.
Кеңес үкіметінің бұрмаланған солақай саясатына байланысты жан-жақты зерттелмей, актер қауымының құлашын кеңге жая алмай келген жағдайлардың болғанын білеміз. «Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері» атты жұмыста сахна тарландарының актерлік шеберліктері мен шығармашылық ойын өрнектері кең түрде талданған. Әріден келе жатқан ата-аға буын актерлердің ізін басар соңғы толқын өкілдерінің шеберлік деңгейлері шығармашылық зердемен жүйелі түрде тиянақты зерттелген.
Әлемдік театр өнерінің тарихымен салыстырғанда қазақ кәсіби актерлік өнерінің дүниеге келгеніне көп болған жоқ. Дегенмен осы қысқа ғана уақыттың ішінде қазақ сахналық өнері қалыптасу және даму сатыларын артқа тастап, зерттеу нысанасы болуға лайықты мол мағлұматтар мен өзекті мәселелерін қалдырып отыр. Халықтың көз алдында дүниеге келіп, өмір кешетін жасампаз да дара өнер – театр. Театрда драматургтың қиялынан туғандары қайта жанданып, сөзбен жазылған көркем бейнелер өз бетінше әрекет етіп, тіршілік иесі – сахналық бейнеге айналады. Сахналық бейне актерлік өнер арқылы жаңа өмірге аяқ басып, өзіне тән нақтылық пен жеке басына сай ерекшеліктерге ие болады. Суреткер сахнада ойнап жүріп, «бейненің бейнесін» жасайды, яғни сөзбен сомдалған автор қиялындағы бейнеге сүйене отырып, көзбен көріп, сезінуге болатындай етіп, бейнеге жан бітіреді. Сондықтан белгілі театр маманы Б.Захава айтқандай: «Актер – театр ерекшелігін анықтайтын басты құрал» болып табылады. [1, 11].