АБАЙ ӨЛЕҢІНДЕГІ ТЕРІСТЕУ
Abstract
Адам баласы дүниетанымы дамуының бір жолы, мүмкін, теріске шығарудан басталатын болар. Бұрыннан қалған дәстүрлі жол-жоба бар, ол өз дәрежесінде жоғары да лайықты бағалануы тиіс. Оған сөз жоқ. Алайда. Алайда тек бір соқпақпен жүре берсең, дүниенің шеті мен шегі белгісіз мол болмысын тани алар ма едік? Дәстүрден шығу, бұрынғы танымды теріске шығарып, жаңадан жол салу, із салу, іздену, ұмтылыс – өмірге жаңалық сыйлайды, жаңалықпен бірге жаңа сипатты тіршілік, жаңа сипатты дәстүр, жаңа салт қалыптасады. Американы ашу орта ғасырда өмір сүрген энциклопедист ғалым, ойшыл Абу Рейхан Мухаммед ибн Ахмед Аль-Бирунидің нақты ғылыми ізденуінен кейін (бұл туралы американдық профессор, Орталық Азия тарихының маманы Фредерик Старр жазған арнайы ғылыми зерттеу бар), итальян текті испан теңізшісі Христофор Колумбтың Еуропалықтарға ашуы бораннан адасып, жер табуынан басталмап па еді?!