М.ӘУЕЗОВТІҢ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӨЛЕМДІ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

Authors

  • Кушкимбаева Айнур Серикбаевна PhD., Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті
  • Жексенова Айгүл Таңжарқызы Ақтау қаласы №23ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Abstract

М.Әуезовтің шығармашылығына кіріспес бұрын шәкірт көзімен жазылған жазушының ұстаздық болмысымен танысып алсақ. З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі жазушының бүтін-болмысын тануға үлкен үлес қосады. «Шәкірт үшін Әуезов – ұстаздың аудиторияға кіруін бір көру... Несін айтасың, арман ғой, арман! Міне, мен сол арманға жеттім. Аз ғұмырымда бір мезет адам айтқысыз көп дүние көргендей, алып қашқан алапат бір сезіммен өмірімде тұңғыш рет Ұлы ұстаздың тірі келбетіне тұла бойым тітіркене көз тоқтаттым...» - дегеннен-ақ, шәкірт ретіндегі ұстазының дәл ХХ ғасырдың данышпаны атанған М.Әуезов екені ерекше қуаныш екендігін көреміз. «Асылы, нағыз ірі қазақ қойлы ауылдың қотанын ғана шағын, тар емес, өзінің Отанындай, яки қазақ даласындай байтақ, кең. Ол өзінің туған халқын жерге, жүзге, жікке бөлмейді. Бәрін бір-ақ құшақтайды. Айтты-айтпады, әр аймақты шынында да «географиясына ғана емес, биографиясына қарай» байыптап-пайымдайды. Әуезовтің әлгі сөзінен іштей осыны сезіп, түсініп келе жаттым» [1, 24], - деп танымы кең, дүнетанымы терең жанның сөзін келтіреді. Елді, жерді танып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан жанның, көпті көріп, жақсыны қадірлеуден туған осынау бір кеңдіктің М.Әуезовтің бойынан табылуы да паңдықты, кеңдікті дәлелдесе керек. Сондай академиктің шәкірті болған Зейнолла Қабдоловтың да соны байқап отырғаны да қырағылығын байқатса керек. Адам өмірінде елеулі орын алатын ұстаз деген мамандық та барша мұғалімдер қадіріне жете алса, өздері Әуезовтей ұстаз болып, Қабдоловтай шәкірттері мол болар еді дейміз. Мұхтар атамызды тек қана жазушы немесе ғалым, зерттеуші деп қана емес, ұлы ұстаз деп тануымыз да осы шығармадан, шәкірт көзімен жазылған туындыдан, инженерия факультетінде оқитын студентті филологияға ауыстырып алуынан да адамды бірден таныр қабілетін көреміз. Сонымен қатар, Қабдолов санасында Әуезовтің пайғамбар деп танитынын, дарабоз, біртуар, көркем сөздің қас шебері, саңлақ суреткер, ақыл-ойдың кені, ұстаз, ғұлама, ғалым, ұлы тәрбиеші, дана, кемеңгер, - деп бағалағанынан ұстазын қаншалықты танығанын, оның даралығын, өзге ғалымдардан оқшау екендігін, қазақтың қамын ойлап жүретіндігін, қазақ әдебиетінің жайын, оның тарихының сонау сегізніші ғасырдан басталуын, әдебиеті жоқ елдің ештеңесі болмайтынын әрі әдебиеті болмаған соң тарихы да дұрыс қарастырылмайтындығын да айтып, тек қана ұлт деңгейінде емес, әлемдік деңгейде ойлай алатындығын көреміз. Егер әдебиетімізді он сегізінші ғасырдан бастай берсек, ол кезде бұған дейінгі мұралардың көмескіленіп, өзге халықтың тегін мұрасына айналары хақ. Содан сақтанып, халқымыздың әдебиеті де, тарихы да кең екендігін, халқымыздың қаншалықты терең екендігін де осыдан көруімізге болады. Халқының дара туған ұлының болмысын, дүниетанымын шығармалары арқылы қарастыра беретін боламыз.

Published

2022-11-05

How to Cite

Кушкимбаева Айнур Серикбаевна, & Жексенова Айгүл Таңжарқызы. (2022). М.ӘУЕЗОВТІҢ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӨЛЕМДІ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ. Scientific Research and Experimental Development, (1). Retrieved from https://ojs.publisher.agency/index.php/SRED/article/view/212