ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АСПАН ӘЛЕМІ ТУРАЛЫ ТҮСІНІКТЕРІ МЕН БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ КҮНТІЗБЕСІ – БІЗДІҢ ӨМІРІМІЗДЕ
Abstract
Ұлан байтақ кең далаға мал бағып, әр күнін сұлу табиғат құшағындағы төрт түлігінің өрісінде, сиқырлы түндерін жұлдызды аспан астындағы солардың күзетінде өткізген қалың қазақ айналасын қоршаған табиғат құбылыстарын жетік меңгергендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Табиғатын тану арқылы тұтас халықтың ғажап дүниетанымы қалыптасты. Сөйте келе, көп жылдық тәжірибелерін қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық түсініктері мен адамзаттық құндылықтан ойып орын алатын білімдерін жинақтады.
Табиғат құбылыстарының айналып келіп отыратынын – күн мен түннің, жыл мезгілдерінің, ай жаңалануының қайталап келуін мұқият бақылап отырды. Одан жаңылмай есептеп отыруының өзі қазақ халқының шаруашылық өмірі үшін орасан зор практикалық маңызы болды. Қазақтар осы есептер арқылы жайлауға қай уақытта көшу, күзеу және қыстауға қай уақытта келу, қой мен қозыны қай уақытта қырқу, қашан күйек алу, қай мезгілде көктеулікке барып мал төлдету, соғымды қашан сою, егінді қай мезгілден бастап салу, шөпті қашан шабу сияқты шаруашылық мезгілдерін белгілеп оырды. Ал, бұл есептен жаңылу оларды ауыр шығынға ұшыратты.
Мысалы: күйек дәл уағында алынбаса, ерте алынса, суықта туып төл шығындалады. Кеш алынса, қой қысырап қалады, яки, төл кенже қалып жетіле алмайды. Міне, бұл уақыт есебін мұқият білуді, табиғат құбылыстарының айналысын бақылап отыруды қажет етті. Табиғат құбылыстарының айналысын, жұлдызды, аспанды бақылаудан туған халықтың көп жылдық тәжірибесінде жинақталған астрономиялық түсініктер мен білімдер негізінде байырғы қазақ күнтізбесі жарыққа шықты.