БОЛАШАҚ МУЗЫКА МҰҒАЛІМІНІҢ ВОКАЛДЫ-ӘНШІЛІК ДАҒДЫЛАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖОЛДАРЫ
Abstract
Қазақтың халықтық музыка өнері саласында шалқар сахара, дарқан даладай мол көсіліп, кең тараған бір жанр бар. Ол - ән. Көркем де келісті, шымыр да шыншыл, бүкіл болмысымен биязы әрі мазмұнға бай қазақ әндері халықтың ұлттық дәстүр сипатын айқын аңғартатын үлкен фактор болып табылады. Ән табиғатынан халық тарихымен бірге туып, етене өскен өнер қырын, сол өнердің ел өмірімен еншілестігін, үндестігін көреміз.
Әрбір ұлттың өзінше өмір сүру қалпы, тұрмыс-тұрқы, әдет-ғұрыптық өзгешелігі, психикалық - мінездік ерекшеліктері, түсінік-пайымдары оның өнер өрісіне үлкен әсер ететіні белгілі. Музыка өнеріндегі бұл құбылыс халықтың сол құпиясын әр алуан салада, әр түрлі бояуда әшекелейді.
Қай халық болсын өзінің ұлттық өнері мен дәстүрін аса бір ыждағаттылықпен дамытуға тырысады, оны жаңа дәуір, жаңа заман әкелген жаңалықтармен сабақтастыра отырып байытады. Қазақ халық музыкасында байырғы негізгі түрлері халық әндері, эпостық шығарма, аспаптық музыка болды.
Ән-күйді қазақтың халық шығармашылығының шыңы деуге болады. Оның тамаша үлгілері. Көрнекі халық композиторларының асқақ туындылары ұлттық классикалық музыканың негізін қалады. Ал халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан фольклорлық мұрасы қазіргі профессионалдық музыка салаларының дамуына тікелей зор ықпалын тигізіп отыр.
Жаңа дәуір жаңа туындыларды талап етті. Профессионалдық музыканың бұрын-соңды халқымызға белгісіз жанрлық түрлері, орындаушы ұжымдар, вокалдық әншілік мектеп, хор айту мәдениеті, музыкатаны саласын қалыптасты. Ұлттық табиғи дәстүр дамуынан тыс пайда болған бұл салалардың халық мұрасынан нәр алып қалыптасып, дамығанын еске ала отырып, біз тек төменде аталатын әрбір салаға қысқаша тоқталып өтпекпіз. Бір тарау негізінен ән, ұлттық ән дәстүрі, ән өнерінің жаңалық ерекшеліктеріне арналады.