АҚЫТ ҮЛІМЖІҰЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ТАРИХИЛЫҚ, ДЕРЕКТІЛІК, КӨРКЕМДІК
Abstract
Халық рухы мен ойлау тәсіліне, ұғым-түсініктеріне, мұрат-тілегіне, пайым-парасатына, ғұрпы-дәстүріне лайықтап, мысалдап, тәмсілдермен тұздықтап, есілтіп-төгілтіп жырлау – Ақыт Үлімжіұлының сүйікті ақындық мәнері. Кең құлашты, кемел білімді, көркемдік дүниетанымы, тарихи зердесі, интеллектуалдық-мәдени дәрежесі биік эпик ақынның:
Мысал қылдым пайғамбар, патшаны да,
Мысал қылдым ұрыны ат жалында.
Мысал қылдым даугерді дауа таппас,
Мысал қылдым ғайыпты қас қағымда –
дегенінен телегей шығармаларының кесек, ірі тақырыптық ауқымын, импровизаторлық, тапқырлық қабілет-қарымын, шалқар шабытты шығарымпаздық шеберлігін нақты тануға болады. Я болмаса ел әдебиетінің мұхитынан сусындаған майталман жыршы «Насихат сөз көп жаздым жалпыға арнап» шынай ы пейіл-көңілін мөлдір тазалықпен жеткізіп, «Қазылық жолына бұл өрнек болып», «Халық сөзі сақталған даналық боп» деп суреткерлік ұстанымын, азаматтық көзқарасын, елдік мінезін танытады.
Ақыт Үлімжіұлы – халық тарихы мен ұлт руханиятының білімпазы, замана тамыршысы (оның поэзиясында зар заман, қан заман, тар заман, сұм заман, шерлі заман дейтін тіркестер жиі қолданылады).