БОТАГӨЗ БАЙМҰҚАНҚЫЗЫ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТІЛІ
Abstract
Әдебиеттанушы-ғалым З.Қабдоловтың: «Поэзия – көрікті қыз жүзінің ұялшақ, албырт қызғылты, теңіздей, көгілдір аспандай тұңғиық көзінің ынтықтық сәулесі, әйтпесе оның қара көзіндегі өткір от, мәрмәр иығына төгілген бұйра шашының толқыны, торғын кеудесінің демігіп тыныстауы, күміс үнінің гормониясы, сиқырлы сөзінің музыкасы, тал бойы, сұңғақ сымбатының мінсіз мүшелері, сұлу қозғалыстарының ғажайып сиқыры. Поэзия – ұйығандай, құйылғандай орныққан, өз еркін әбден билеген, өмір үшін жетіккен, тәжірибемен шыныққан, рухани күші теңескен, көңіл көзі көреген, ойға батыл, майданға батыр ер қуаты» [1, 242-243 б.] – деген түйінді пікірі поэзияның әдебиет әлеміндегі көркемдік шеберліктің озық үлгісі екендігіне айқын дәлел бола алады.
Белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым М.Базарбаев: «Қазақ поэзиясында өнімді өркендеген түр – лирика» [2, 47-б.] – деп атап көрсетсе, Б.Баймұқанқызының туған жер, махаббат, табиғат тақырыбындағы, күйбең тіршілік, өмір жайлы сыршыл өлеңдерінің де қазақ лирикасының жандануына зор үлес қосқаны анық.
Ақын Б. Баймұқанқызының өлең-жырларының көркемдік кестесінің келістілігі, түйінді ойларының тұшымдылығы, шындықтың шырайын келтіре толғайтындығы ақынның шеберлік айшықтарын айқындайды. Жыр жолдарының көкейге қонымдылығы, сезіміңе әсер етіп, жүрегіңе жылулық ұялатып, жаныңды жадыратуы автордың көркемдік қуатын танытады.