Ә.ТАБЫЛДЫНЫҢ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ТУРАЛЫ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ
Abstract
Көрнекті педагог-ғалым Ә.Табылдының тәрбие мәселесін сөз еткен алғашқы мақалаларының бірі «Адамның асыл парызы» деген тақырыппен 1964 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрді.[1] «Адам еңбекпен адам, еңбекпен сүйкімді. Баршаға ортақ тәлім-тәрбие жұмысы да еңбек үстінде ғана жеміс береді. Бала тәрбиелі болу үшін ең әуелі ата-ананың, содан кейін ұстаздардың жалықпай еңбек етуі қажетті нәрсе»,-деп басталатын мақаласында автор қоғамымыздың ертеңгі азаматы жас жеткіншек ең әуелі өз ата-анасына қарап өседі, одан соң оның өнеге алар ортасы-мектеп, қоғам деген ойды айтады. [1;174б.] Баланың жарық дүниеге келгеннен бастапқы тәрбиесі бесіктен басталады деген халық қағидасын негізге алған ғалым «тамақ іздеген сәбиге талғап тамақ берудің өзі тәрбие, тілі шыға бастаған балдырғанның сандаған сұрағына жекімей, ұрыспай сабырмен, байыппен жауап берудің өзі тәрбие, ойын баласы қызықты ойындарға құмар сол ойынды ойнауда жалықпай жанкүйер болудың өзі тәрбие» дейді. [1;175б.] «Ой сезімі қалыптаса бастаған балдырғанның тілін, ойын дамыту үшін балалар әдебиетінің маңызы зор» деп ой түйген педагог-ғалым балдырғандарға арналған арнайы газет-журналдардан іріктеп көркем шығарма оқып беруді ұсынады. «Бала мектепке барған соң мұғалім мен ата –ананың мақсаты бір жерден шыққан жөн» деген автор қызықты мысалдар келтіре отырып ойын дәлелдейді. Ендігі кезекте «ұстаз», «мұғалім беделі» мәселесі төңірегінде ой толғаған әдіскер-ғалым: «оқушы үшін ұстаз аса білімді, аса мәдениетті. Осы беделді сақтау үшін мұғалімде ұстаздың қабілет, дарыны болуы керек»,- дейді. [1;176б.]